ruenkz

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде ағымдағы жылдың 21-22 қыркүйегінде семинар өткізілді

Салынған уақыты 26.09.2022 12:14

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V ҚРЗ Заңына сәйкес, үстіміздегі жылдың 21-22 қыркүйек күндерінде Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде семинар өткізілді.

Бұл Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.

Аталған Заңға сәйкес, ұйымдардың басшылары, азаматтық қорғау құралымдарының командирлері уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде даярлықтан және қайта даярлаудан өтеді.

Семинарға «Қазаэронавигация» РМК Орал филиалы бойынша Азаматтық Қорғанысқа жауапты филиал қызметкерлері де қатысты:

     Азаматтық қорғаныс бастығы – филиал директоры - А.Е. Сүлейменов;

     Азаматтық қорғаныс бастығы орынбасарының м.а. – РТЖБП қызметінің жетекші инженері - - И.В. Сураев;

Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның мүшесі, азаматтық қорғау құралымының материалдық-техникалық қамтамасыз ету буынының командирі – ӘШБ ЖҚП және МТЖ инженері – Е.Қ. Маманов.

Азаматтық қорғау саласында оқыту төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларын үйрету, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу, құтқарудың және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн білу, сондай-ақ, азаматтық қорғау мәселелері бойынша талдамалық, сараптамалық және басқа да жұмыстарды орындау үшін ұйымдардың мамандарын тарту мақсатында жүргiзiледi.

Сабақта азаматтық қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілер, ҚР ТЖ Комитетінің, Ішкі Істер министрлігінің бұйрықтары, нұсқаулықтары зерделенді. Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдарда құрылған Азаматтық қорғаныс штабтарының және Төтенше жағдайлар комиссияларының жұмыстары сараланып, жергілікті атқарушы органдардың ТЖ жөніндегі департамент пен оның аймақтық бөлімшелерінің өзара іс-қимылы нәтижесінде өткізілген инженерлік қорғау, эвакуациялау бойынша жұмыстар үлгілері қарастырылды.  

Оқу барысында тыңдаушыларға азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесінің жалпы қызметі мен азаматтық қорғаныс шараларын орындау бойынша талаптар, байланыс және тұрғындарды құлақтандыру жүйесінің негізгі аспектілері, төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдар түсіндіріліп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақ өткізілді және қауіпті заттар көрсетілді.

Оқудың негізгі бөлігінен кейін семинар қатысушыларына арналып ғимарат ішінде орналасқан өрт сөндіру мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Тыңдаушылар ол жерден өрт сөндіру құралдарын көріп, БҚО Өрт сөндіру бөлімінің тарихымен танысты.  

Оқу аяқталғаннан кейін азаматтық қорғау саласында даярлықтан немесе қайта даярлаудан өткен тыңдаушыларға уәкілетті орган бекіткен бірыңғай үлгідегі сертификаттар табысталды.

1968