ruenkz

Қытайға рейстерді қайта ашу туралы

Салынған уақыты 28.06.2022 08:34

Халықаралық қатынастарды одан әрі жаңарту, ашу және әлемдегі шектеу шараларын алып тастау жөніндегі жұмыс шеңберінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін пысықтады.

Осылайша, 2020 жылдан бері алғаш рет қазақстандық "Air Astana" әуе компаниясы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жұма күндері аптасына 1 рейс жиілігімен Алматы – Чэнду бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін жаңартады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 7 шілдесінен бастап жұма күндері қосымша рейс қосылады. Рейстер Boeing-767 және А321 NEO типті әуе кемелерінде орындалатын болады.

Өз кезегінде, ҚХР тарапынан "China Southern Airlines" қытайлық әуе компаниясы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жұма күндері аптасына 1 рейс жиілігімен Алматы – Үрімші бағыты бойынша тұрақты жолаушылар әуе рейстерін жаңартуды жоспарлап отыр. Рейстер Boeing-737 және Boeing-787 әуе кемелерінде орындалатын болады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру екі достас ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ҚХР азаматтары үшін енгізуге жоспарланған 14 күндік визасыз режимді толық пайдалануға ықпал етеді.

Ұшуларды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниялардың сайтында жарияланған кестемен орындау жоспарланғанын атап өткен жөн.

2127