ruenkz

Оралда Кеңес Одағының Батыры М. Мәметова атындағы халықаралық әуежай терминалы іске қосылды

Салынған уақыты 07.04.2022 15:42

Бүгін, 2022 жылғы 7 сәуірде Оралда қала өміріндегі тарихи оқиға болды – біздің қаһарман жерлесіміз, Батыс Қазақстан облысының тумасы Мәншүк Мәметованың есімімен жергілікті әуежайдың жаңа терминалы ашылды. Әуежайға әйгілі пулеметшінің атын беру туралы шешім ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылданған болатын. Ал Орал қаласы әуежайының әуебекет кешенін қайта жаңарту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес жүзеге асырылды.

Әуежай құрылысында шыны, керамикалық плитка, санфаянс және басқа да отандық материалдар пайдаланылды. Халықаралық әуежай терминалын облыстық құрылыс компаниялары салған. Терминалдың ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды, орташа жолаушылар ағыны жылына 600 мың адамға дейін жетеді. Әуежайдың жаңа терминалы IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) барлық халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.

Жаңа терминалдың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қатысты. 

«Әуежайдың заманауи инфрақұрылымы оны «ашық аспан» режиміне қосуға ықпал етеді және шетелдік авиакомпанияларды тартуға мүмкіндік береді. Жаңа әуежай жолаушылар ағынын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, өңірде туризмді дамытуға, сондай-ақ әуе тасымалын арттыруға қуатты серпін беретініне сенеміз», - деп атап өтті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б.Камалиев.

«Қазаэронавигация» РМК Орал филиалының ұжымы терминалдың ашылу салтанатына қатысып, әуежай басшылығы мен қызметкерлеріне достық тілектерін білдірді.

2361