ruenkz

Азаматтық авиация – 2021

Салынған уақыты 30.12.2021 08:46

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті үшін 2021 жылдың маңызды жетістіктерінің бірі ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы табысты тексеруі болды.

Тексеру қорытындысында Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84% дейін көтерді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15% жоғары. Аталған көрсеткіш бойынша еліміз Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Португалия – 87%; Чехия – 87%; Латвия – 86%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84%; Словения - 82%, Кипр - 82% сияқты елдермен бір қатарда.

Саланы тексеру мақсатында Еуропалық комиссияның Еуропалық Одақ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі мен авиациялық билік өкілдерінің және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшыларының сапарлары ұйымдастырылды.

АҚШ-тың авиациялық сарапшылары Министрліктің, авиациялық реттеушінің және әуежайлардың үйлесімді жұмысын бағалап, аудиторлар алдында ашықтығын атап өтті.

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде 16 әуежайды сертификаттау және 32 инспекциялық тексеру жүргізді.

Авиация мамандарына куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. 9 авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтіп, 17 инспекциялық тексеру жүргізілді.  

Биыл Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемесі Аруба тізілімінен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің тізіліміне қайта тіркелді.

2021 жылы Қазақстан Азаматтық авиацияның еуропалық конференциясына бақылаушы мәртебесіне ие болды және ЕСАС-қа қабылданған ТМД-ның үшінші елі болды.

Ішкі тасымалдар көлемі пандемияға дейінгі деңгейде қалпына келтіріліп, асып түсті.

Ішкі туризмді дамыту шеңберінде Түркістан, Алакөл, Балқаш, Щучье-Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік дестинацияларға әлеуметтік маңызы бар рейстер орындалады.

24 елмен 73 бағыт бойынша халықаралық әуе рейстері жаңартылып, ашылды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнің 66% шамасында. Мальдив аралдарымен Алматы – Мале, Катармен Алматы – Доха, Шри-Ланкамен Алматы – Коломбо, Кувейтпен Алматы – Эль-Кувейт, БАӘ Абу-Даби - Алматы бағыттары бойынша жаңа рейстер ашылды.

Сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей тұрақты әуе қатынасын орнату шеңберінде ҚР Парламенті Мәжілісі ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Ол тікелей тұрақты рейстерді орындауға құқықтық база қалыптастырады.    

Салада әуе көлігінің жерүсті инфрақұрылымын жаңғыртуға көп көңіл бөлінеді.

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. 

Жобада жолақтарды 300 метрге ұзарту және әуе кемелерінің қазіргі заманғы түрлерін қабылдау үшін жарық-сигналдық жабдықты ауыстыру көзделген.

Жеке инвестициялар есебінен Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының құрылысы жалғасуда. Ол терминал алаңын 3,8-ден 35 мың м2-ге дейін кеңейтуге және өткізу қабілетін 150-ден 2000 жолаушы/сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа терминал халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді. Бұл мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасайды.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде.

Терминал аумағы екі есеге артып, өткізу қабілеті 100-ден 200 жолаушы/сағатқа жетеді.

Сондай-ақ, биыл Қостанай қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялау жұмыстары басталды. Өткізу қабілетін 200 жолаушы/сағ-тан 250 жолаушы/сағ-қа дейін арттыру жоспарлануда.

Алакөл туристік орталығының көліктер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл Үржар ауылы аэровокзалының ұшу-қону жолағын және ғимаратын реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қонау жолығын, рульдеу жолын және перронын жаңғырту жұмыстары басталды.

2021 жылы ішкі рейстерде жеке куәліктің түпнұсқасын пайдаланбай, жеке деректерді растау үшін Egov Mobile арқылы цифрлық құжаттар қызметі енгізілді. Жоба еліміздің барлық әуежайында іске қосылды.

2074