ruenkz

Қазақстандықтар цифрлық жеке куәлікті Өскемен, Семей және Қостанай қалаларының әуежайларында пайдалана алады

Салынған уақыты 13.12.2021 08:51

Өскемен, Семей және Қостанай қалаларының әуежайларында жеке деректерді растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Бұрын мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз, Петропавл, Қарағанды қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын.

Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile-да авторландырылған пайдаланушы "цифрлық құжаттар" сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдау қажет. Әуежайдың тіркеу тағанында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.

Қазақстандықтар үшін ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ның, Қазақстан Республикасының әуе компаниялары мен әуежайларының және "Ұлттық ақпараттық технологиялар"АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен жұмысының арқасында пайда болды.

Цифрлық құжаттар сервисі пилоттық режимде жұмыс істейді. Цифрлық құжаттар бойынша ұшулар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз, Петропавл, Қарағанды, Өскемен, Семей және Қостанай қалалары арасында қолжетімді. Жоғарыда аталған әуежайларда сервисті пайдалануды жоспарлап отырған жолаушыларға жобаның пилоттық кезеңде жеке куәлігінің түпнұсқасын алып жүру ұсынылады.

2496