«Қазаэронавигация» РМК Ақтау филиалының басшылығы «Авиация саласында оқу және түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету» аясында презентация өткізу үшін аталған білім ордасының студент-жастарымен кездесу ұйымдастырды
Салынған уақыты 03.12.2021 08:55
Үстіміздегі жылдың қараша айының 30 жұлдызында Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін авиация саласына студент-жастардың қызығушылығы мен ынтасын арттыру, сонымен қатар осы саланы таңдаған жас түлектердің болашаққа деген тұрақты көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Қазаэронавигация» РМК Ақтау филиалының басшылығы «Авиация саласында оқу және түлектердің жұмысқа орналасуына ықпал ету» аясында презентация өткізу үшін аталған білім ордасының студент-жастарымен кездесу ұйымдастырды. Филиал атынан ӘҚҚ қызметі бойынша ұшу басшысы Бобыр Сергей Алексеевич, ӘҚҚ қызметінің «Мұнара» ДП диспетчерлері Жиеналиев Зинур Кубайдуллаевич, Толстиков Ярослав Сергеевич презентация жүргізді. Алғаш болып сөз алған 38 жылдық жұмыс өтілі бар С.А.Бобыр авиация саласына қатысты жалпы мағлұмат бере, осы саланың атқарып отырған қызметтеріне нақтырақ тоқталып, өзектілігін көрсете білді. Студент жастар авиация туралы жалпы үғымы болса да осы саланың атап айтсақ, диспетчерлердің, әуе қызметінің атқарар міндеттері мен жауапкершілігі туралы толығырақ мағлұмат алғысы келіп, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. «Мұнара» ДП диспетчерлері З.К.Жиеналиев, Я.С.Толстиков жас маман ретінде алған тәжірибелерімен бөлісті. Олар да өз кезегінде студенттердің қойған сұрақтарына жауап беріп, болашақта жастардың дұрыс дамуына қатысты бағыт-бағдар беріп, пайдалы ақпараттармен бөлісті. Кездесу қызықты әрі жемісті өтті, университет басшылығы мен ЖОО студенттері «Қазаэронавигация» РМК қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.
3325