АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің мамандары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейін бағалайды
Салынған уақыты 21.10.2021 09:46
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) мамандарымен және АҚШ елшілігінің экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) сарапшыларымен кездесті.
Қазақстанның авиациялық билік орындарының шақыруымен еліміздің әуежайларын рейстерге қызмет көрсету тұрғысынан сертификаттау және АҚШ-қа ұшу үшін CAT1 тағайындау жұмыстары басталды.
Кездесу барысында Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін TSA аудитінен одан әрі өту мәселесі талқыланды.
TSA және EXBS мамандары авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және тәжірибесіне сәйкестігі тұрғысынан пысықтады. Авиация саласы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша кеңес өткізді.
Бұдан басқа, авиациялық билік орындарының әуе қауіпсіздігі саласындағы әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға тиімді бақылау мен қадағалауды іске асыру жайы қаралды.
АҚШ мамандары 2021 жылғы 20-29 қазан аралығында әуежайлар периметрінің қауіпсіздік жүйесімен, аумаққа кіруді бақылау, бортта тамақтандыру, жүк пен пошта қауіпсіздігі жүйесімен танысу мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында болады.
2415