Авиациялық ағылшын тілі бойынша даярлықтың тиімділігін арттыру жолында
Салынған уақыты 12.10.2021 14:29
Ұшқыш пен авиадиспетчер арасындағы берік радиобайланыс ұшу қауіпсіздігінің маңызды факторы болып табылады. Коммуникативті құзыреттілік диспетчерді кәсіби бағдарланған дайындаудағы негізгі құзыреттердің бірі болып табылады. Диспетчерлерді даярлау тек жалпы және авиациялық ағылшын тілін үйретуді ғана емес, негізінен радио алмасу фразеологиясын да қамтиды. Сондықтан кәсіби даярлау орталығының мамандары «Radiotelephony Communication in case of Standard, Abnormal and Emergency Situations» жаңа курсын әзірлеуге шешім қабылдады.
Бұл курс Trainair Plus ИКАО бағдарламасы аясында әзірленген ИКАО-ның стандартталған оқу-әдістемелік пакеті (STP) болып табылады, оның негізгі мақсаты ӘҚҚ диспетчерлеріне қажетті білім беру, сондай-ақ стандартты, стандартты емес және апаттық жағдайларда фразеологияны қолдана білу дағдыларына үйрету болып табылады.
Аталған курсты әзірлеудің қажеттілігін талдау радиоалмасу фразеологиясы бойынша қолданыстағы курс бар болғаны 12 сағатқа есептелгенін көрсетті, соның нәтижесінде онда штаттан тыс және апаттық жағдайларда радиотелефондық байланыс дағдыларын пысықтау жоқ.
Тілдік даярлықтың қолданыстағы жүйесінің жалпы үйлесімділігіне қарамастан, жұмыс орындарында диспетчерлер қолданыстағы құжаттарды және қажетті деңгейде радиобайланысты жүргізу рәсімі бойынша заңнаманы білуге, метеорологиялық ақпаратты бере алуына, сондай-ақ қалыпты жағдайларда лайықсыз немесе стандартты емес фразеологияны қолдануға қатысты қиындықтарға тап болатынын атап өткен жөн. Мұның барлығы радиоалмасу фразеологиясы бойынша курсты жаңартудың өзектілігіне алып келді.
Курс ағылшын тілінде өтеді және оқыту кезінде көптеген тәжірибелік тапсырмалар қолданылады, ол белгіленген ережелерге сәйкес барлық жедел жағдайларда радиотелефон байланысын жүргізу дағдыларын дамытуға, сондай-ақ тез өзгеретін және төтенше жағдайлар нәтижесінде туындайтын лингвистикалық мәселелерді шешуге бағытталған.
Сонымен, жаһандық жоспарда курс әзірлеушілері диспетчерлерге коммуникативтік міндеттерді шешуге көмектесу, демек, радиоалмасу тиімділігін арттыру және коммуникацияның кемшіліктерімен байланысты авиациялық оқиғалар мен инциденттердің санын азайту міндетін қойды.
Курсты сарапшылар тексерді және ол ИКАО кітапханасында орналасқан, сондықтан аталған курстың барлық қатысушылары ИКАО сертификатын алады. Кәсіби дайындау орталығы бұны мақтан тұтады, өйткені Орталық Trainair Plus ICAO бағдарламасының көшбасшысы және белсенді мүшесі, сондай-ақ еуропалық және Солтүстік Атлант аймағындағы ИКАО курстарын дамыту бойынша жетекші болып табылады.
2541