ruenkz

Қазақстан AIRBUS концерніне жүк көтергіштігі жоғары екі көлік ұшағына тапсырыс берді

Салынған уақыты 02.09.2021 09:18

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен AIRBUS концернінің вице-президенті Альберто Гутиеррес арасындағы келіссөздер ҚР Қорғаныс министрлігінің мұқтаждықтары үшін екі А400М ұшағын сатып алу туралы келісімшартқа қол қою рәсімімен аяқталды.

Airbus А400М жүк көтергіштігі жоғары әскери-көлік ұшағы - әскери және азаматтық гуманитарлық миссиялар шеңберінде әуе тасымалдарын орындауға, төтенше жағдайларда жедел шаралар ұйымдастыруға өте тиімді көлік.

Ол ұшақтарды жеткізу жөніндегі келісімшарт қызметкерлерді оқыту және техникалық қолдау бойынша қызметтерді де қамтиды.

Алғашқы әуе кемесін 2024 жылы жеткізу жоспарланған. Қазақстан Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Түркия, Бельгия, Малайзия және Люксембургпен қатар ұшақтың осы түрін пайдаланатын әлемдегі тоғызыншы ел болып отыр.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС базасында "AIRBUS" әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсету және жөндеу орталығын құруға дайындық барысын талқылады. Келіссөздердің қорытындысында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

«AIRBUS» концернімен арадағы ынтымақтастық және Қазақстанда өндірілетін әскери және азаматтық әуе кемелеріне қызмет көрсету мен жөндеудің сертификатталған орталығын құру - ұзақ мерзімді перспективалық ауқымды әрі өзара тиімді жоба. Ол орталық бүкіл Орталық Азия өңірін тиісті қызметпен қамти алады", - деді Бейбіт Атамқұлов.

2021 жылдың қыркүйек айында "Қазақстандық авиациялық индустрия" ЖШС кәсіпорнының мүмкіндіктеріне техникалық аудит жүргізу үшін "AIRBUS D&S" мамандары келеді деп жоспарланып отыр.

124