Қазақстан «МАКС-2021» авиасалоны алаңында озық әзірлемелер ұсынды
Салынған уақыты 21.07.2021 12:03
Қазақстан «МАКС-2021» авиасалоны алаңында озық әзірлемелер ұсынды
Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары Ресейдегі «МАКС-2021» халықаралық авиациялық-ғарыш салонында әскери және азаматтық авиация саласындағы өз өнімдерін ұсынды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқарушы директоры Санияр Әйтекенов атап өткендей, қазақстандық тарап көрменің тең ұйымдастырушысы бола отырып, авиасалон алаңына 20-дан астам отандық авиаөнеркәсіптік кәсіпорынның қатысуын қамтамасыз етті. Стратегиялық міндет – өз өндірісін дамытып, ел ішінде шоғырландыру және өз әзірлемелерін сыртқы нарықтарға шығару. «Бес күн ішінде біз шетелдік серіктестермен жүзден астам келісімдер, меморандумдар жасауға дайынбыз», - деді ол. – Біз өзімізде жиналатын ресейлік техника өндірушілері үшін де, шетелдік авиациялық техника үшін де қосалқы бөлшектер жасап шығарамыз. Біздің еліміз біртіндеп авиация саласында бәсекеге қабілетті ойыншыға айналуда және біз бүкіл әлемнің өндірушілерімен ынтымақтасуға тырысамыз».
«МАКС-2021» көрмесіне авиациялық техника мен оның қосалқы бөлшектерін өндіруге маманданған «азақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ өндірістік кәсіпорындары қатысады. Отандық павильонның экспозициялары арасында елде өндірілетін Н-145 тікұшағының, ұшу және техникалық құрамды оқытуға арналған жабдықтың макеттері, өндірілетін өнім – пилотсыз ұшу аппараты мен барлауға арналған ПҰА базасындағы әуе нысанасы имитаторының заттай үлгілері бар. Сондай-ақ көрмеге келушілер қазіргі заманғы авионикамен жабдықталған тікұшақ кабинасының макетімен, сондай-ақ жиналатын, жөнделетін және қызмет көрсетілетін тікұшақтардың макеттерімен таныса алады, ұшақтарды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылады.
«МАКС-2021» он бесінші халықаралық авиациялық-ғарыш салоны Мәскеу маңындағы Жуковскийде 2021 жылдың 20-25 шілдесі аралығында өтеді. Авиасалон алаңында Ресейдің авиациялық-ғарыш кешені жетістіктерінің көрмесі және әлемнің жетекші елдерінің жаңа авиатехникасы жәрмеңкесі ашылады. Салон 140 мыңнан астам маманды, сондай-ақ 570 мыңнан астам қатысушылар мен қонақтарды бір жерге жинайды.
Қазақстандық делегацияны авиасалонда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов басқарады. Форум жұмысы барысында ресейлік бейінді ведомстволардың, әуе ғарыштық және қорғаныс саласы кәсіпорындарының басшылығымен және мамандарымен бірқатар кездесулер өткізу жоспарлануда, олардың қорытындылары бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылатын болады.
2991