Onur Air әуе компаниясы бір жылдық үзілістен кейін рейстерін қайта бастайды
Салынған уақыты 12.07.2021 08:41
«Профи. Трэвел» порталының хабарлауынша, түріктің Onur Air авиакомпаниясы 26 шілдеден бастап рейстерінқайта бастайды. Бұл бір жылдан астам үзілістен кейін орын алып отыр. Пандемияға байланысты тасымалдаушы 2020 жылы рейстерін тоқтатқан болатын. Енді оның қызметі 26 шілдеден, яғни Құрбан айт мейрамы басталғаннан кейін қалпына келтірілмек.
Алғашқы рейстер қай жаққа ұшатыны туралы әлі хабарланған жоқ, бірақ сарапшылар бұл Германия немесе Ресей болуы мүмкін деп есептейді, өйткені Onur Air пандемияға дейін осы екі нарықпен белсенді жұмыс істеген. Мәселен, ресейлік туроператорлар туристерді компанияның рейстерімен Анталияға жиі апаратын, сондықтан осы жазда Түркияға деген сұраныстың артуын ескере отырып, мұндай тасымалдаулар да сұранысқа ие болады деуге әбден болады.
Пандемиямен байланысты дағдарыс тасымалдаушыға біраз зиян келтірді: ол ұшақтар паркін үш есеге кемітуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, Анталия әуежайында жерде қызмет көрсету бойынша үлкен қарыз (526 000 доллар) болды. Қазіргі уақытта Onur Air авиакомпаниясының паркінде екі Airbus A320-200 ұшағы және бес Airbus A330-200 ұшағы бар.
2693