ruenkz

22 МАУСЫМ — «ҚАЗАЭРОНАВИГАЦИЯ» РМК-ның ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ

Салынған уақыты 22.06.2021 16:28

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 1995 жылғы 22 маусымдағы № 133 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 10 мамырдағы № 489 қаулысына сәйкес «Қазақстан әуе жолы» ұлттық акционерлік авиакомпаниясының құрамынан бөлу жолымен «Қазаэронавигация» әуе жүрісін басқару, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етудің жер үстіндегі құралдары мен электр байланысын техникалық пайдалану жөніндегі дербес тәуелсіз республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Кәсіпорынның негізгі міндеті ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанның әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қауіпсіз және сапалы аэронавигациялық қызмет көрсету болып табылады.

Бүгінгі күні Кәсіпорынның құрылымы оңтайландырылған, оның құрамына 3 өңірлік орталық (Орталық Қазақстан, Оңтүстік-Шығыс, Батыс-Қазақстан) және 12 филиал (Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Қостанай, Өскемен, Қызылорда, Жамбыл, Көкшетау, Павлодар, Орал, Петропавл), 17 алыс жердегі орын (Талдықорған, Боралдай, Үшарал, Жаркент, Шалқар Қарабұтақ, Бейнеу, Балқаш, Жезқазған, Арқалық, Арал/Жаңа Қазалы, Баянауыл, Үржар, Зайсан, Семей, Аягөз, Түркістан) кіреді. Сондай-ақ кәсіпорын құрылымына Алматы қаласында орналасқан Кәсіби дайындау орталығы мен Авиациялық медициналық орталық кіреді.

Аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы міндеттердің көлемі ел аумағының кеңдігімен және трансконтиненталдық маршруттардың болуымен айқындалады. Қазақстан аумағының үстінен жалпы ұзындығы 118,5 мың км 126 әуе трассасы өтеді, оның 109 халықаралық (108,4 мың км) және 17-сі ішкі (10,1 мың км) трассалар. Бізде шектес мемлекеттермен шекарада 73 әуе дәлізі бар (Ресей Федерациясымен – 30, Қытаймен – 2, Қырғызстанмен – 6, Өзбекстанмен – 30, Түрікменстанмен - 2, Әзірбайжанмен - 3).

Жыл сайын 800-ге жуық ӘҚҚ маманы Қазақстанның үстінде жылына 250 мыңнан астам рейске немесе тәулігіне 700-ден астам әуе кемелеріне қызмет көрсетеді.

Еуразия кеңістігіндегі ең тиімді аэронавигациялық қызмет көрсетуші провайдерлердің бірі болып табылады.

321