ruenkz

Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттарын есепке алу тәртібі

Салынған уақыты 08.06.2021 14:49

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұшқышсыз ұшу аппараттарын есепке алуды Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес жүргізеді. Ең жоғары ұшу массасы 1,5 кг-нан асатын ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ ең жоғары ұшу массасы 0,25 кг-нан асатын “ерекше” санатындағы операцияларды орындайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары есепке алуға жатады. 

Есепке қою үшін ҰҰА пайдалану мақсатында сатып алатын тұлғалар ҚР азаматтық әуе кемелерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес құжаттармен есепке алуға өтінім береді. ҰҰА есепке қойылған жағдайда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 5 жыл мерзімге немесе жалдау шартының қолданылу мерзіміне есепке қою туралы куәлік береді.

Ұшқышсыз ұшу аппаратын есептен шығару кезінде өтініш беруші жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес құжаттармен есептен шығаруға өтінім береді. Ұсынылған құжаттар сәйкес келген жағдайда Қазақстанның авиациялық әкімшілігі өтініш берушіге ҰҰА есептен шығару туралы куәлік береді.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын есепке алу, сонымен бірге есептен шығару мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды. Есепке алу туралы куәлікті беруден бас тарту өтінім келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жазбаша түрде жүзеге асырылады.

Анықталған кемшіліктер жойылған жағдайда өтініш беруші ұшқышсыз ұшу аппаратын есепке қою үшін Қазақстанның авиация әкімшілігіне қайта жүгінеді.

Құжаттар ілеспе хатпен бірге тіркеу үшін frontoffice@caakz.com электрондық мекенжайына немесе Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы мекенжайы бойынша 55/15, блогы С2.3. жіберіледі.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидалары бекітілген. Ұшқышсыз ұшақтарды пайдалану мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органда есепке алынуға жататын ҰҰА қоспағанда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда есепке қойылғаннан кейін жүзеге асырылады

Бүгінгі таңда Қазақстанда 279 ұшқышсыз ұшу аппараты есепке алынған.

4904