Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың жақсарғанын атап өтті
Салынған уақыты 09.06.2021 09:19
Ағымдағы жылдың наурыз айында Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (бұдан әрі – ҚАӘ) және ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің (бұдан әрі - ААК) қызметі жөніндегі ақпараты тыңдалды. Кездесу барысында Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қадағалау жағдайы, сондай-ақ елімізде сертификатталған авиатасымалдаушылардың жағдайы егжей-тегжейлі қаралды.
ҚАӘ бас директоры Питер Гриффитс және ААК төрағасы Талғат Ластаев толық есеп берді, оны қарау қорытындысы бойынша Еуропалық комиссия бүгінгі күні қазақстандық авиакомпанияларды Еуропалық Одаққа ұшуға тыйым салынған авиатасымалдаушылар тізіміне ("қара тізімге") енгізу үшін негіз жоқ деп шешім қабылдады. Бұл көрсеткішке азаматтық авиация саласын реттеудің алдыңғы қатарлы елдердің басқару моделіне негізделген жаңа тәсілін енгізу нәтижесінде және ААК пен ҚАӘ жүргізіп отырған жүйелі жұмысының арқасында қол жеткізілді.
Еуропалық комиссия Қазақстан елдегі ұшу қауіпсіздігі жағдайын жақсарту үшін бар күшін салып, дәйекті өзгерістер жасаған деген қорытындыға келді. Қазақстанның бүгінгі күні қол жеткізген прогресін мойындай отырып, Комиссия жағдайдың одан әрі дамуына мониторинг пен бағалау жүргізуді жалғастырады. Осы тұрғыда Комиссия жергілікті жерлерде баға беру мақсатында EASA мен ЕО-ға мүше мемлекеттердің көмегімен Қазақстанға шолу сапарын жасауға ниеттенеді.
Еуропалық комиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі жағдайын одан әрі жақсарту мәселелерінде авиация биліктерімен тығыз ынтымақтасуға дайын екендігін білдірді, сонымен қатар саяхаттаушы азаматтар үшін ұшу қауіпсіздігі бойынша кез келген болуы мүмкін тәуекелдер бақылауда екеніне кепілдік берді.
2890