ruenkz

Халықаралық балаларды қорғау күні құрметіне «Мақалдың суретін сал» конкурсы

Салынған уақыты 01.06.2021 08:36

«Қазаэронавигация» РМК Атырау филиалында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Мақалдың суретін сал» атты онлайн-конкурсы филиал қызметкерлерінің балалары арасында болып өтті. Мақал-мәтелдер – біздің ата-бабаларымыздан ұрпақтан ұрпаққа ауыздан-ауызға беріліп келе жатырған үлкен мұрамыз. Осы шағын сөзден терең даналықты, көптеген нәрселердің мағынасын қысқа сөзбен ашып тұрғанын аңғаруға болады. Конкурсты өткізудің мақсаты мен міндеті – мақал-мәтел мағынасын түсінуді үйрету, қиялды дамыту, тапсырмаға қызығушылықты оятып, қисынды ойлай білуді үйрету. Балаларға алдын ала «1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне дейін мақал-мәтелді өздері талдап, кейін суретін қағазға түсіре алулары үшін мақал-мәтелдердің варианттары ұсынылды. Балалар осы конкурсқа өте үлкен қызығушылық танытты, конкурсқа 5 жастан 14 жасқа дейінгі балалардан 25 сурет келіп түсті. Барлық авторлар өздерінің дарындары мен шеберліктерімен қуантты, барлық конкурсқа қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.

Барлық конкурсқа қатысушыларды құттықтаймыз! Балаларға шығармашылық жеңістерді, шынымен бақытты, қамсыз балалықты, ата-аналарының берік махаббатын, бейбіт аспан мен әдемі армандарының орындалуын тілейміз!

 

561