ruenkz

Қазақстан Ирландияның авиациялық билік орындарымен келісімге қол қойды

Салынған уақыты 20.05.2021 15:28

 

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ирландияның авиациялық билігімен сол елде тіркелген және құрғақ лизинг шарттары бойынша қазақстандық авиакомпаниялар пайдаланатын әуе кемелерін бақылау және қадағалау міндеттерін беру туралы келісімге қол қойды.  

Қол қою рәсіміне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ирландия авиациялық басқармасының директоры Диармуд о ' Конгэйл, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, ААК Бас директоры Питер Гриффитс қатысты.

Бүгінгі таңда "Эйр Астана" ұлттық тасымалдаушысы өзінің Арубада тіркелген ұшақтарын пайдаланады. Оларды лицензиялау, ұшу жарамдылығы және ұшу құрамын сертификаттау, негізінен, осы елде жүзеге асырылады. Мұндай шешім "қара тізім" кезеңінде авиакомпания Еуропаға маңызды рейстерін орындау үшін қажет болды. Министрлік 2024 жылы Қазақстанның тізілімінде заманауи әуе кемелерін тіркеу мүмкіндігін алу бағытында жұмыс істеп жатыр.

Осы мақсатты іске асыру үшін алдымен әуе флотын екі кезеңнен тұратын процесс аясында Ирландия тізіліміне ауыстыруды бастау керек. Ол шамамен екі жылға созылады. Шара EASA (Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық агенттік) нормативтік стандарттарына сәйкес болу үшін қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Бүгінде қол қойылған келісімнің талаптары бойынша "Эйр Астана" компаниялар тобының барлық әуе кемелері бір жыл ішінде Ирландия тізіліміне ауыстырылады.

Тараптар қазақстандық авиакомпаниялар пайдаланатын әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қадағалауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша тығыз байланыста жұмыс істейді. Келісімнің талаптарында, сондай-ақ, халықаралық авиациялық ұйымдар жүргізетін аудиттен өтуге көмек беру көзделген.

Қол жеткізілген уағдаластықтар әлемдік авиациялық қоғамдастыққа ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша жұмыста Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін көрсетеді және отандық авиация үшін "қара тізім" мәселесі бұдан былай өзекті болмайтынын білдіреді.

 

 

188