14 наурыз Көрісу күні - жаңа жылдың бастауы
Салынған уақыты 15.03.2021 12:49
14 наурыз күні Қазақстанның батыс өңірлерінде Көрісу күні немесе Амал мейрамын тойлайды. 15 наурыз күні «Қазаэронавигация» РМК Атырау филиалының қызметкерлері жұмысқа бір-бірін мейраммен құттықтау үшін ұлттық киімдерін киіп келді. Себебі бұл мейрам - жылулық пен өзара қамқорлыққа толы мейрам!
Наурыз қарсаңында жыл бойы бір-бірін көрмегендер кездесіп, бір-біріне денсаулық тілейді («Жасыңыз қайырлы болсын!», «Бір жасыңызбен!», «Жас құтты болсын!» деп тілек білдіреді), ал ренжісіп қалғандар бір-біріне өкпе-реніштерін кешіреді. Бұл салт тек қана Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында және Ақтөбе облысының кейбір аудандарында сақталған. Адамдар осы күні жасы үлкен туыстарының үйіне барып көріседі және жасы кішілері 10 күн ішінде өзінің барлық туыстарымен көрісіп үлгерулері керек, үлкендерге сәлемдесе отырып, бата сұрайды. Халықта ескіден ауылдағы ең үлкен ақсақалмен амандасу ерекше сыйлаудың белгісі болып саналатын салт бар. Жас келген адамдар қолдарын алып амандасса, әйелдер жағы алдымен оң жақ, сосын сол жақ иықты түйістіріп амандасады.
Жер бусанып, ауа көктемнің таза көк иісіне толады! Бір жастарыңызбен!
3661