Қазақстан Boeing 737MAX ұшу жарамдылығын қайта бағалауды ақпан айында аяқтайды
Салынған уақыты 09.02.2021 10:30
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) Boeing 737MAX ұшағын елде пайдалануды қалпына келтіру үшін оның дайын болуын тексеруді ақпан айында аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта әуе кемесі АҚШ пен Қазақстанның өндіруші және авиациялық билік орындарының талаптарына сәйкес оны ұшу үшін пайдалануға қайта беру бойынша техникалық жұмыстардың қорытынды кезеңінен өтуде.
Соңғы үш ай ішінде Қазақстанның авиациялық билік орындары B-737MAX жалғыз жергілікті операторы болып табылатын SCAT авиакомпаниясымен бірлесіп қайта ұшып бастауға дайындық жүргізуде. ҚАӘ авиакомпанияларға тренингтер өткізуді, өндірушінің жаңартылған процедураларын ұстануды, сондай-ақ ұшу, биіктікті алу және эшелонда жылдамдық аспаптары дұрыс көрсетілмеген жағдайларда экипаждардың іс-қимылдарын жаттығу құрылғысында даярлау бағдарламасына қосуды ұсынды.
Қазіргі уақытта SCAT инженерлік-авиациялық қызметі және Қазақстанға келген Boeing корпорациясының техникалық мамандары әуе кемесін қайта іске қосу және бағдарламалық жасақтаманы модификациялау бойынша барлық процедураларды орындады. SCAT ұшқыштары шетелдік сертификатталған жаттығу орталықтарының бірінде жаттығу құрылғысында дайындықтан өтті. Алдағы аптада компания сынақ ұшуларын орындауды жоспарлап отыр. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын бағалау жөніндегі сертификаттау процедурасын ақпан айында аяқтау жоспарлануда. ҚАӘ машинаның коммерциялық рейстерді қайта орындап бастауға дайындығын тексереді.
Қазақстанда Boeing 737MAX пайдалану екі қайғылы авиациялық оқиғадан кейін бүкіл әлем бойынша осы үлгідегі ұшақтарды пайдалану тоқтатылғаннан кейін, 2019 жылдың наурыз айында уақытша тоқтатылған болатын.
3013