ruenkz

“Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңға түзетулер қабылданды

Салынған уақыты 27.01.2021 11:13

2021 жылғы 2 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды. Заң “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңға түзетулерді көздейді.

Бұрын, Қазақстанның Азаматтық авиация саласындағы заңнамасында Қазақстанның әуе кеңістігінен тыс ұшуларды орындайтын пайдаланушыларға қатысты шет мемлекеттің әуеайлақтарында тұрақты орналасатын бақылау тетігі қарастырылмаған болатын. Бұл жағдайда олар құзыретті мемлекеттік органдардың тексеруіне қол жетімсіз болды. Сондай-ақ, пайдаланушылардың азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға тұрақты емес халықаралық ұшулар туралы хабарламағаны үшін жауапкершілігі болмады.

Осындай пайдаланушыларды тұрақты бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, көрсетілген заң шеңберінде “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Жаңа түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс тұрақты емес ұшуларды орындайтын азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар өздерінің бас кеңсесін енді Қазақстан Республикасының аумағында ғана орналастыруы тиіс және ұйымдар қызметі мен операцияларының бағытына, бақылауына және үйлестірілуіне әсер ететін операциялық-қаржылық шешімдер құзыретті мемлекеттік органдардың тексеруі үшін қолжетімді болуға тиіс.

Бұдан басқа, пайдаланушы Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс тұрақты емес халықаралық ұшуды орындаған кезде орындалған ұшудың күні мен мақсаты туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігін хабардар етпеген не хабарламада анық емес ақпарат ұсынған, сондай-ақ кеңсенің Қазақстан Республикасының аумағында орналасуына қатысты талапты бұзған жағдайда, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушының сертификатын кері қайтарып алуға құқылы. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарланған мақсаттағы өнімді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының ұшуды жүзеге асыруы да пайдаланушы сертификатын кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.

Бұдан басқа, халықаралық ұшуларды орындайтын әуе кемелерінің қызметін бақылауды қамтамасыз ету үшін жерүсті және спутниктік байланыс арналары арқылы жүктерді тасымалдауға арналған борттың жай-күйі мен орналасқан жері туралы деректерді беруді қамтамасыз ететін жабдықтың болуы бойынша міндетті талаптар енгізілді.

Сондай-ақ, жүктерді тасымалдауға арналған азаматтық әуе кемесін тіркеу үшін жүктерді тасымалдауға арналған әуе кемелерін пайдаланудың күнтізбелік мерзімі (әуе кемесі шығарылған күннен бастап тіркелген күнге дейін есептелетін мерзім) жиырма бес жылдан аспауға тиіс, ал әуе кемесінің ұшу циклдерінің саны және сағат бойынша есептелетін ресурсы шығарушы зауытты немесе конструкторлық бюроны ресми растай отырып, белгіленген зауыт ресурсының үштен екісінен аспауға тиіс деген жаңа талап енгізіледі.

Тиісті түзетулер заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

“Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңы жаңа түзетулермен сілтеме бойынша қолжетімді.

3901