Қазақстанның авиациялық әкімшілігі авиациядағы қоғамдық денсаулық сақтау саласында белсенді жұмыс жүргізуде
Салынған уақыты 27.11.2020 08:32
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметкерлері алғаш рет азаматтық авиациядағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралардың алдын алу және оны басқару жөніндегі ынтымақтастық келісімнің сегізінші Кеңесіне (CAPSCA-EUR/08) қатысты. Кеңес телеконференция режимінде өтті.
Бұл кездесуге Албания, Австрия, Грузия, Ирландия, Израиль, Қазақстан, Молдова, Марокко, Португалия, Испания, Швейцария, Нидерланды, Ұлыбританияның қоғамдық денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ азаматтық авиация органдарының, әуежайлардың, аэронавигациялық қызметтерді берушілердің, әуе кемелерін пайдаланушылардың және басқа да тиісті мүдделі тараптардың өкілдері қатысты. Телеконференцияға ИКАО штаб-пәтерінің өкілдері, CAPSCA EUR, ICAO EUR/NAT, JAA/TO, EASA, EU Health Gateways JU, ДДСҰ, IATA, ACI, DLR, IAC, EURAMI төрағасы қатысты.
Биылғы тақырып «COVID 19: алынған сабақтар?» ағымдағы пандемияға, оның ішінде туындаған проблемаларға, алынған сабақтарға және жедел, қысқамерзімді және ұзақмерзімді шаралар мен іс-шаралар ретінде қажет нәрселерге арналған.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі медициналық қауіпсіздік департаментінің директоры Альмира Бердонгарова мен адами фактор жөніндегі маман Мерей Жолжақсынова «Авиация персоналында ковидтен кейінгі синдромның алдын алу мәселелері» тақырыбында сөз сөйледі.
Бұл сессия идеяларды, ойларды, талқылаулар мен тәжірибелерді біріктіруге бағытталған.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ковидтен кейінгі синдромды ерте диагностикалау және алдын алу бойынша ұсыныстарға толықтырулар енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Ерте жасалған диагностика тиімді нәтиже беріп, азаматтық авиация ұшу құрамының кәсіби өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Ол үшін авиация дәрігерлерінің, медициналық ұйымдардың, авиакомпаниялардың күш-жігері мен авиация персоналының жауапкершілігін біріктіру қажет.
CAPSCA – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қолдауымен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) басқаратын ерікті салааралық, көп ұйымдық ынтымақтастық бағдарламасы. Ол авиация секторына әсер ететін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы оқиғаларға дайындықты жоспарлау мен ден қоюды жақсарту бойынша күш біріктіру үшін халықаралық, өңірлік, ұлттық және жергілікті ұйымдарды біріктіреді.
Бағдарлама ИКАО-ның алты өңірінде жеті өңірлік үйлестіру топтары арқылы жұмыс істейді. Ол авиациялық сектордағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы оқиғаларды басқару тәсілдерін дамытып, әлемдік деңгейде үйлестірілетін әр аймақтағы көптеген мүдделі тараптардың қатысуымен жыл сайын көп салалы кеңес өткізуді көздейді.
4000