Авиакомпанияларда 8,5 айға жететін қаражаты ғана қалды – IATA
Салынған уақыты 19.11.2020 13:58
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) әуе тасымалы саласындағы жағдай бойынша болжамы теріс болып отыр. Ұйымның мәліметінше, 2021 жылы саланың кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 46 пайызға төмендейді деп күтілуде.
Айта кетейік, 2019 жылы әлемдік авиацияның кірісі 838 миллиард долларды құрады. Ұйымның алдыңғы талдауы бойынша 29 пайызға төмендеу болжанған болатын. IATA 2020 жылдың төртінші тоқсанында сұраныстың өсуі және жолаушылар тасымалының қалпына келіп бастауы болжанғанын атап көрсетті. Бірақ коронавирустың қайтадан өршуіне және үкіметтер енгізген шектеулерге байланысты күткен нәтижеге қол жеткізілмеді, болжамның теріс болуы да осыған байланысты.
Қауымдастықтың болжамы бойынша 2020 жылы жолаушылар трафигі 66 пайызға қысқарады, ал желтоқсан айында сұраныс 68 пайызға төмендейді. Авиакомпаниялар шығындарды азайту бойынша шаралар қабылдағанымен, олардың шамамен 50 пайызы тіркелген немесе жартылай тіркелген. Нәтижесінде шығыстар кірістер сияқты тез қысқармайды. Осылайша, 76 авиакомпанияда операциялық шығындар 48 пайызға, ал кірістер 73 пайызға төмендеді.
«2020 жылдың төртінші тоқсаны өте қиын болады және 2021 жылдың бірінші жартысы айтарлықтай жақсаратыны туралы ешқандай дәлел жоқ. Билік тарапынан қосымша қаржылық көмек болмаса, орта деңгейдегі авиакомпанияда шығыстар ағымдағы норма деңгейінде қалса, бар болғаны 8,5 айға ғана есептелген қолма-қол ақша қалады» - деді IATA бас директоры Александр де Жуньяк.
3427