Қазақстан ТМД елдерінің туристік салаларын біріктіруді ұсынады
Салынған уақыты 18.11.2020 10:19
Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Мамин ТМД елдерінің үкіметтеріне COVID-19 пандемиясының салдарынан зардап шеккен туризм салаларын біріктіруді ұсынады.
Интерфакс туризм индустриясы COVID-19 пандемиясынан ең көп зардап шеккен сала болып табылатынын айтты.
«Өзара жоғары сенім мен қазіргі экономикалық байланыстарды ескере отырып, ТМД шеңберінде туристік пакеттік ұсыныстарды қалыптастыру мақсатында елдеріміздің туристік секторларын ықпалдастырудың әлеуеті зор. Дүниежүзілік туристік ұйымның соңғы есебіне сәйкес, 2020 жылдың алғашқы сегіз айында халықаралық туристер саны 70%-ға азайған. Саланың одан әрі дамуы бизнесті ағымдағы және алдағы қайталануы мүмкін пандемия жағдайында жүргізуге байланысты жоғары тәуекелдер мен шығындар аясында жүзеге асатыны айдан анық», — деді Мамин ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында.
«Бірқатар елдер ұлттық туристік секторларды жаңа жағдайларда бәсекелестікке бейімдеумен белсенді айналысуда. Атап айтқанда, қолжетімді, қарапайым және бәсекеге қабілетті өнімді қалыптастыру мақсатында авиакомпаниялардың, қонақ үй бизнесінің, мәдени, туристік нысандарды басқаратын компаниялардың ауқымды вертикалды бірігуі орын алуда», — деп толықтырды Қазақстан Премьер-Министрі.
3167